|
Аламан би. Тарих. Тұлға. Заман
Бір жылға жуық уақыттың ішінде "Аламан" бабамызды ұлықтау мақсатында қолға алынған игілікті істер өз нәтижесін берді. Бұған әрине алдымен бір Алла Тағала, екіншіден Аламан бабадан тараған ұрпақтардың бір жеңнен қол шығарып, бір-біріне қолдау көрсеткені деп білеміз. Тарихта танымал Аламан би ұрпақтары шежіресін жазып, «Аламан ата» саябағын ашып, кесенесін орнату мақсатында бір жыл бұрын «Аламан-Қаракет» қоғамдық қоры құрылып, аталған бағыттар бойынша жұмыстар бастаған.
«Аламан би. Тарих. Тұлға. Заман» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. Алматы облысы Ақбейіт елді мекеніндегі кәсіптік-техникалық колледжі. 21.07.2023 жыл.
"Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні" демекші, ел болып, қолға алынған игі бастамамыз үлкен ғылыми конференцияға ұласты. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және ституты мен «Аламан-Қаракет» қоғамдық қоры бірлесіп, Алматы облысы Ақбейіт елді мекеніндегі кәсіптік-техникалық колледжінде «Аламан би. Тарих. Тұлға. Заман» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Конференция модераторы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Шәмек Баянұлы жиынды ашып, оның ауылда өтуінің себебін, мән-мазмұны, күн тәртібімен таныстырды. Алғашқы құттықтау сөз тиегін ағытқан «Аламан-Қаракет» қоғамдық қорының төрағасы Жантелі Мұқиұлы жылға жуық уақыттан бері атқарған істеріне тоқталды.
Алқалы жиында «Бәйдібек баба» қорының вице-президенті Қанат Дінстанов қор жұмысының нәтижесінде ел ішінде белгісіз болып келген батырлар мен билер тарихын жаңғыртып, ғылыми айналымға қосқандары жөнінде сөз саптаса, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов «Қазақ қоғамындағы билер институтының орны мен рөлі және Аламан би» тақырыбында ауқымды баяндама жасады.
«Біздің тарихымыз туралы біраз деректер он сегізінші ғасырда Ресей патшалығының қазақ жерін жаулау саясатын жүзеге асырған орыс әскерилерінің Мәскеуге жазған баянхаттары мен кейін соның негізінде жазған кітаптарында сақталған. Мәселен В.Бартольдтің «Описание киргиз-кайсаков средний Азий» деген кітабында Аламан би туралы да жазып қалдырған. Олар туралы ауызша тарихта айтылады, халық өлеңдерінде, батырлар жырында, аңыз, әңгімелер де бар. Ендеше соның бәрін жазып, тарихи айналымға ендіру біздердің парызымыз. Ал Аламан биге келер болсақ, ол кісі туралы ауызша таралған, сақталған әңгіме, өлеңдер өте көп. Одан бөлек жоғарыда айтқандай орыс әскерилерінің бірнешеуінің жазба дерегі бар. Олардың мәліметінше Аламан биге қарасты ауылдарда қанша түтін, жан басы неше, малы қанша болғаны жөнінде айтылады. Жалпы Абылайхан заманында қазақтар өте бай, бақуатты өмір сүрген. Салыстырмалы түрде қарасақ сол замандарда өзге аймақтарда да қазақ байлары мен батырларының малы мол болған. Мысалы, Арқада, Көкшетауда, Баянауыл аймағында 15-20 мың жылқысы бар дәулетті адамдар өмір сүрген. Байлықпен қоса олардың жан басы да мол болған. Өйткені көбінің екі-үштен әйелі, он бес, жиырма шақты баласы бары тіркелген. Олар туралы да жазбаша деректер орыс генералдарының Мәскеуге жазған баянхаттарында сақталған», – деді Зиябек Ермұханұлы.
Бұдан әрі жаугершілік заманда намысты жігіттер алдымен «Аттан» дегенде жауға қарсы шауып, жорыққа қатысып, жекпе-жекке шығып, қарсыласын жеңіп, батырлықпен аты белгілі болатынын, бейбіт күнде ата-анасынан енші алып, мал басын көбейтіп, адалдығы, шыншылдығымен ел ішінде беделі көтеріліп, ағайын, ауылдастары арасындағы дауларды әділ шешіп, би атанатынын жеткізді.
«Ауызша деректердегі мәліметтерді сараптасақ, Аламан өз заманындағы батыр, би және ауқатты адам болған. Ол – Алжан аталып кеткен Мәмбеттің Сырымбет батырдан кейінгі екінші ұлы. Бұл – Алжан руынан батырлар көп шыққан. Мысалы, Сырымбет батырдың сонау Сыр бойында жерленуі де тегін емес. Ал Аламан бидің атымен аталатын жер, су аттары Талдықорған аймағынан бірнеше жерден көрініс табады. «Аламанның көкала асуы», «Аламан сай», «Аламан бұлақ» сияқты жер-су аттары бар. Енді жазбаша деректерге келсек, тәуелсіздіктен кейін жарық көрген Қазақстан энциклопедиясында Аламан Мәмбетұлының өзіне қарасты ауылдарда би болғаны туралы дерек бар. Сол кезде Аламанның ауылында 450 түтін болған. Ұрпақтары Ақбас, Бекбас, Шыңбас батырлар Қангелді, Райымбек баһадүрлердің жасағына қосылып, ел қорғаған», – деген деректерді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты, саяси ғылымдар докторы Жомарт Құдайбергенұлы тілге тиек етті. Ғылыми басқосудағы жарыссөзді Кеген ауданында елу жыл ұстаздық еткен, ҚР Білім беру ісінің үздігі, шежіреші Нұр Мәлбеков сабақтады. Оның айтуынша, Аламан бидің ұрпақтары батыр әрі өсіп-өнген.
Жалпы, конференцияда он шақты ғалым Аламан биге қатысты баяндама жасап, шежіреші ақсақалдар жарыссөздерін жалғастырды. Олардың бәрі Аламан бидің батырлық, билік, дәулетті тұлға ретіндегі қасиеттерін сан қырынан суреттеді. Ауызша тарих пен жазба деректерден мәліметтер келтірілді. Сонымен Аламан бабамыздың қазақ халқының дамуына қосқан үлесіне тарихи баға берілді.
Ғылыми конференцияда Аламан бабамыздың дүбірлі тойы Республикалық деңгейде аталып өтетін болып және көптеген нәтижелі шешімдер қабылданды.
© 2024 "Аламан-Харекет" Қоғамдық қоры