Аламан-Харекет Қоғамдық қоры 

 

Қайқы бел, боз бие мен айғыр түгел болса, басқасы өзі келеді. 

                                                                                                                              Аламан Мәмбетұлы

 

Қолдау көрсету

 

Ұрпағы ұлықтаған ұлы есім 

Аламан би 
 

      Мәмбетұлы Аламан би тарихи деректерге негізделгенде 1627 жылдары туылып, 1715 жылдары қайтыс болған деседі. Аламан бабамыздың бойындағы артықшылықтары мен қасиеттері өте көп болған. Сол ерекшелігінің бірі – қасы өте қою, хас арудың қос бұрымындай ұзын болған екен. Аламан бай көрінгенге көз салмайтын, ықыласы түскен адамға ғана басын көтеріп сөйлеуден бұрын ұзын қасын екі құлағының артына қайырып, қыстырып қойып барып қана тіл қатады екен. Сәл басын еңкейтсе болды, жаңағы екі құлағына қыстырып қойған қою қасы нұр дидарын қайтадан жауып қалады екен. 

     Аламан байдың жұртқа әйгілі қайқыбел қараторы биесі болыпты. Торуылдап келген жортуылшылар байдың жылқысын айдап кетсе де екі-үш күнге қалмай қара торы бие үйірін бастап ауылға келіп отырған екен. Келген сайын тегін келмей, үйірдегі жылқы саны еселеніп артып, тұяқ саны бұрынғыдан молайған. Әйтсе де Аламан бай жылқышыларына тек мал қораланып болғаннан кейін ғана қабағын көтеріп қарап, жылқышыларына міндет тапсыратын әдеті болыпты. 

Күндердің бірінде жылқышылары Аламан байға келіп, Бай-еке малыңыздың саны артып барады. Таңба бекітіп беріңіз деп өтініш білдіріпті. Сонда Аламан бай қазан асатын үш бұтты ошаққа қарап, ырысым шайқалмасын деген ниетпен үшбұтты ошақты жылқышыларына таңба етіп белгілеп беріпті. Күні бүгінге дейін Аламан ұрпақтары «Ошақ таңбаны» малдарына таңба етіп белгілеп келеді. Малды жанды болуды армандаған кісілер Аламан байдың батасын алып отырған. Ол кісінің айтқаны келіп, арман тілектеріне жетіп малды-жанды болып көгеріп көктеген. Ұрпақтары өніп-өсіп берекелі, ынтымақты үлкен рулы елге айналған. 

Албандар жауға шапқан кезде Аламан байдың жылқысы соғыс кезіндегі батырлардың мініс көлігін қамдап отырған деген дерек бар. Жалайырлар ортасында да кең таралған мынадай тарих дерек бар. Жалайырдың өте қасиетті мықты бір болысы болған екен. Ол кісінің көріпкелдігі соншалық алдағы күнде не боларын алдын ала біліп болжап отырады екен. Бір күні ауылында би-болыстарын жинап біздің ауылға қызыр келе жатыр. Бір үлкен дүбір келе жатыр. Келе жатқан дүбір қай жерден жайлау сұраса жайлауын, қыстау сұраса қыстауын беріп ұлы көшті тоқтатыңдар. Біздің ауылдан өтіп кетпесін дейді. Жалайыр руының сұңғыла билері мен ауыл ақсақалдары көріпкел болыстарының сөзін бірден құп көреді де Аламан бабамыздың алдынан шығын көшін тоқтатқан екен. Аламан байдың көші тоқтаған сол жерді кейін Жалайырлар елі «Аламан байдың асуы» немесе «Күреңбелдің асуы» деп атап кеткен. Жаңа қоныстары жайлы болған Аламан бай бір күні төбеге шығып отырғанда түс мезгілі қалың жылқылары төбенің басынан төменге қарай суға түсіп су іше бастайды. Судың басы лайланып барып, су тартыла бастағанда иықтарында иін ағаштары бар бірнеше қыз шелекпен су алуға келген кезі еді. Қара судың лайланып тартыла бастағанын көрген бір қыз: «Қырылғырлардың малы суды лайлап жіберіпті-ау», – деп саңқ етіп сөйлеген кейіген даусы төбеде отырған Аламан байдың құлағына анық естіледі. Аламан бай қасындағы жолдастарын ертіп атына мінген бойы қыздың жанына барады да оң қолының сұқ саусағымен басын нұсқапты. Қыз тілін шығарыпты, қасындағылар аң-таң болыпты. Аламан бай тобылғы сап қамшысын көрсетіпті. Қыз сүмбіл шашын судыратыпты. Содан Аламан бай қыздан сәл ұзай бере мына қыз асқан ақылды сұңғыла екен. Осы қызды әміріме аламын. Қыздың соңына түсіңдер. Қайсы үйге барып кірсе сол үйге барып құда түсіңдер депті. Қасындағы жолдастары түкке түсінбей қалай сөйлестіңіздер біз ештеңені түсінбедік деп қайта сұрапты. Сонда Аламан бай: Басқа бәле неден деп басымды нұсқап едім, қыз басқа бәле тілден деп тілін шығарды. Сені тобылғы сапты үйірге сатып аламын десем, менің қалың малыма шашымдай көп қалың бересің деп, қыз шашын тарады дегенде жолдастары ойпырай біз ештеңеге түсінбедік дейді де аттарының басын қызға қарай бұрып, қыздың соңына түседі. Қыз ауыл шетіндегі жұпыны қараша үйге кіріпті. Қолында тышқақ лағы жоқ кәрі кемпір мен шалдың қызы екен. Алпыстағы шалға жас қызымызды бермейміз деп, қыздың әке-шешесі кесірленіп Аламан байға қыздарын бермей қояды. Мұны естіген Аламан бай өкпелеп Жалайырлардың арасынан көшкен екен. Аламан байдың көшіп бара жатқанын біле қойған Жалайырдың көріпкел болысы мына қызыр ауылдан көшіп барады. Қызырды тоқтатыңдар деп, Аламан көшінің артынан адам жібереді. Алайда көш тоқтамай жүре береді. Сонда амал болмағанда, баяғы қызды Аламан байдың көшінің соңынан ұзатып жіберіпті. Аламан бай қалың малыңды жылқыдан қайырып ал деп айтқан екен. Жоғарыдағы Күреңбелдің асуынан жылқының артын қайырғанда Жалайырлар қалыңға 500 тұяқ жылқы қайырып алып қалған екен. Аламан байдан қалың малға алған 500 тұяқ жылқының жыл сайын құрсағы құры жатпай әр жылы құлындап, бірнеше жылда 5000 бас жылқы болып Жалайырлардың да жылқы бас саны молайып отырған деседі. (Айтып берген Көлбай). 

«Жақсының аяғынан» дегендей Аламан бабамыздың аяғы тиген жердің барлығында бабамыздың атын өшірмейтіндей «Аламан сайы», «Аламанның асуы», «Қоңыр өлең», «Көкаланың өткелі» сияқты аты әйгілі жер атаулары қалып отырған. Ал енді «Аламан сайы» жайлы айтар болсақ. Бұрынғы Талдықорған облысы, қазіргі Жетісу облысы Кербұлақ ауданының шығыс жағында Қытаймен шекаралас таудың бөктеріне орналасқан күннің теріскей жағында «Аламан сайы» деген сай болған. Кей жылдары жаңбыр жаумай, қуаңшылық салдарынан басқа өңірлерге шөп шықпай табиғи апаттар болған кезде екі аудан, яғни Кербұлақ ауданы мен бұрынғы Гвардия ауданы осы Аламан сайының екі жағындағы шөпті шапқанда екі ауданның тұрғындарына артығымен жетіп қыстан қысылып-қымтырылмай шығады екен. Осы сайдың басына шыға берісте үлкен кері жол бар. Аламан бабамыздың жылқысының көптігі соншалық кері жолды үлкен Камаз машинасы жүрген жол сияқты таптап тастаған. Арғы жағындағы теріскей сайдан оңтүстік жаққа асып түскенде «Аламанның асуы» деп аталатын асу бар. Қанша ғасыр өтсе де жылқы тұяғымен тапталған қара жол еш бүлінбей, күні бүгінге дейін сақталып қалған. Осы жолдың күнгей жағына өткенде Ынталы, Басшы, Нұрым, Май деп кете береді. Май мен Нұрым, Басшы батыс жағында қалғанда Ынталы мен Қоңырөлең бар. Сол жаққа қарай асып түскенде бір ескі қорымдардың орыны көзге шалынады. 

Бала кезім, марқұм әкем мені атпен алып барып, мына жатқан қорымдарда Аламан атамыздың екі тоқалының сүйегі жатыр. Ана жер қыстайтын қыстауы болса керек деп еді. Тастан қаланған фундамент сияқты құйылып төгіліп жатқан тастармен кәдімгідей қолдан жасалған көне қоралардың ескі там қабырғаларының да орындары болар-болмас білінетін. Енді ол кездің өзі 1978-1979 жылдар еді. Яғни 11-12 жас бала күнім бола-тұғын. (Естелікті айтып берген Бақберген Құдайбергенұлы). 

Енді Аламан руынан шыққан Қазақстан Республикасының білім беру озаты, көптеген даңқты атақтардың иегері қарт шежіре жазушы Нұр Малбеков атамыздан естіген Аламан бабамыз жайлы төмендегі деректерге үңілер болсақ. Қаспан деген жерде ор қазу арқылы жабайы құландарды ұстап жылқымен будандастырып, көкала жылқы пайда болған. Мұны дүйім жұрт «Аламанның көкаласы» деп атаған. Ал кейін бұл көкалаға көз қызартқан басқа рулар ауылына ұрлап әкелгенде жылқылардан Аламанның ошақтаңбасын көрген соң Қызыр атаның назасына қалмайық деп Аламан байдың өзіне қайтарып әкеліп берген екен. 

Үржар өңірінде «Таскескен» деген Кегеннің суындай су бар. Сол жерде Көкаланың өткелі дейтін өткел болған. Сол өткел күні бүгінге дейін Аламанның көкаласының «Көкала өткелі» деп аталып келеді. Аламан бабамыздың ұлылығы, мейірімділігі соншалық әр жолы сойған қойының ащы ішегін арнайы тұздатып, өргізіп, кептіріп сақтатып қояды екен де көшкен кезінде жиналып кептірілген ащы ішектерді адам бойы жететіндей сөре жасатып, соған іліп қойып көшеді екен. Жол жөнекей Аламан байдың көшкен жұртына ат басын тіреген дәруіш жолаушылар жұртқа аялдап сөредегі ащы ішектерден құрсақтарын тойдырып аттанса, жолаушылардың несібесінен артылған ішектерді аспандағы құс, жүгірген аңдар да қаужау етіп, қысқы тірліктерін жалғастырса керек. 

Қазақта бір керемет ұлы сөз бар «Ат аунаған жерде түк қалады» деп тегін айтпаса керек. Аламан бай өзінің артына да майын шашып отырған жомарт кісі екен. Пейіліңе қарай өмірің болады дегендей, бабамыздың осыншалық кең пейілдігіне орай Алла тағала асқан бақ-дәулетті, байлықты басына бұйыртқан болса керек.